Ұлы ақынның мұрасы ұлықталды

0 1

«Tt» — ақпарат».
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына-180 жыл. Ұлы ойшыл, ағартушы, ақынның құрметіне өзінің туған өңірі Абай облысы бастап, еліміздің әр аймағында «Абай күндері» өтіп жатыр. Ұлт мақтанышының 180 жылдық мерейтойы-тек мәдени оқиға емес, ұлт руханиятын жаңғыртуға бағытталған үлкен бастама. Елге ортақ, жастарға берері мол мұндай шарапатты шарадан аудандағы мәдени-ағарту мекемелері де тыс қалып жатқан жоқ.
Аудандық орталық кітапханалар жүйесі және Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы-асыл қазына» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әртістері әзірлеген қойылыммен басталды. Сахнада Абай бейнесі сомдалып, өлең оқылып, ән шырқалды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров: — Абай-қазақтың рухани көсемі. Ұлы ойшылдың әдеби мұрасына қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы Абай-біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол-қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері-ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес»,-деп баға берген.
Ия, бүгінгі кеш ұлы тұлғасын еске алу ғана емес, оның сарқылмас мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіре білу,-деді.
Абай күндері аясында өткен кеште Зәуре Сатыбалиева, аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы, жыр мүшәйраларының жеңімпазы Алдияр Сәттұрсын, мәдениет орталығының қызметкерлері Айя Жорабек, Назерке Мұхамбеткереева, Нұрым Қойгелдиев аудандық орталық кітапхана қызметкерлері Динара Серікбаева. Гүлсезім Ағабекқызы ұлы ақынның әндерін орындап, өлеңдерін оқыды.
Сонымен қатар, бұл күні кешті тамашалауға келген көпшілік Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының фоэсінде орталық кітапхананың ұйымдастыруындағы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.
Абай күндеріне арналған мәдени шаралар ауылдық округтерде аталып өтілуде.