Ел экономикасының маңызды саласы
Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Құрылыс-елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпалын тигізетін сала. Сондықтан, бұл секторды өрістетудің басым бағыты-халықты қолайлы әлеуметтік инфрақұрылыммен және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету болып саналады. Ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып есептелетін құрылыс саласы аудан көлемінде кең қанат жайып келеді.
Айталық 2024 жылы қала бойынша 4 жоба, яғни 2 көпқабатты тұрғын үй қайта жөндеуден өтіп пайдалануға берілсе, 2 көппәтерлі тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғырту үшін тиісті қаражат қарастырылды. Сонымен қатар, Ойық ауылында «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Одан бөлек Көктал ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталды.
Қожағаппар, Тұрымқұл елді мекендерінде ауыз су жүйесі іске қосылды.
Бұл өткен жылдың құрылыс саласында атқарылған жұмыстардың бір бөлігі. Алайда, ортақ игілікке бағытталған жұмыстар мұнымен тоқтамақ емес.
Биылдың өзінде өтпелі және жаңадан бастау алған 9 құрылыс нысанында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
— Оның бірі-Бостандық ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Әльмансұр» ЖШС. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталды. Алдағы айларда пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, Үшарал және Ойық ауылдарындағы мәдениет үйлері қайта жаңғырту бойынша нысандардың мердігері анықталып, құрылыс монтаждары басталды.
Қараой, Арал, Қайыр елді мекендерінде ауыл су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Өтпелі нысанның құрылысы биыл аяқталады. Осылайша аудан көлеміндегі барлық статусы бар елді мекендер 100 пайызға орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталады,-дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Берік Суюнбаев.
Ауылдарды газдандыру- халықтың тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізетін, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін беретін жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында тұрғындарды газбен қамтамасыз ету-Үкіметтің басты міндетінің бірі деген болатын. Бұл бағытта ауыл-аймақты газдандыру ісі кезең — кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ауданға қарасты ауыл тұрғындарының басым бөлігі көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ендігі ретте тау аймағында орналасқан ауылдарға газ құбыры тартылған жағдайда ауданда табиғи отынды пайдаланушылардың көрсеткіші 100 пайызға орындалмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жүйелі түрде жүргізілуде.
Берік Суюнбаевтың айтуынша, Майтөбе, Қожағаппар ауылдарын газбен қамту мақсатында жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, жеңімпаз мердігер анықталған. Құрылыс жұмыстарына өткен жылы бөлінген қаражат толық игерілген. Құрылыс монтаж жұмыстарын аяқтау биылғы жылға жоспарланған. Сонымен қатар, Есейхан және Қараой ауылдарының ішкікварталдық газ желісінің жобалық-сметалық құжаттамасы мен сараптама қорытындысы алынған.
Бұдан бөлек бүгінде аудан көлемінде 14 каналды қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Сараптама қорытындылары алынып, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөліміне өткізілді. Бұл жұмыстар шешімін тапса, табысын егін мен шабындықтан айырып отырған шаруалар үшін үлкен қуаныш болмақ.
Құрылыс саласының игілігі біз келтірген жұмыстармен шектелмейді. Ол құрылыс материалдарын, бұйымдар мен механизмдерді өндіру мен сатуға серпін беріп, үйлер мен тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсету сегментіне де әсерін тигізеді. Сондай-ақ, жоғары технологиялық салалар-архитектура, экспериза, геология, цифрлық технология және телеком салалары да осы құрылыспен байланысты. Құрылыс-ел энономикасы өсімінің басты драйвері дейтініміз сондықтан.