Тамыз конференциясы

0 11

Басты міндет — балаларды сапалы біліммен қамту

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тақырыпта өткізілген республикалық Тамыз конферен­циясы «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеудің интеграциясы, әдеп, қауіпсіздік және сапа қағидаларын ескере отырып, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу сонымен қатар, мектептерде инклюзивтік білім беру тәжірибесін жетілдіру сынды бағыттарды қамтыды. Алқалы жиын­­ға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық білім беру бағдарламалары мен стандатта­рын бір деңгейде әзірлеп, қала мен ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақты жоюды, тұрғылықты жері мен ата-аналары­ның әлеуметтік жағ­дайына қарамастан балаларға сапалы білім беруді тапсырды. Конференция­да бұдан да өзге мәселелер қозға­лып, бастамалар көтерілді. Педагог мәртебесін арттыруға бағытталған қарар қабылданды.
Өткен жұмада Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында ұйым­дастырылған дәстүрлі аудандық Тамыз кеңесі Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың жаңа буынды тәрбиелеудегі мұғалімдер­дің рөліне қатысты республикалық конференцияда айтқан сөзімен ашылды.
Білім беру саласы қызметкерлері­нің басын қосқан жиынға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар мен сала мамандары қатысты.
Жаңа оқу жылынан бастап ау­дандағы орта мектептерде оқушы­лар­ды ерте жастан бастап еңбекке тәрбие­­леу бағытындағы тәжірибе алаңдары­­ның жұмысы іске асырылмақ. Ата-аналар үшін 5 жасқа дейінгі бала­ла­рын үйретуге көмекші құрал есебін­де «Беске дейін үлгер» жобасының мобильді қосымшасы іске қосылады. Бұл туралы Тамыз кеңесі барысында аудандық білім бөлімінің бас­шысы Мақсат Қазанғапов айтып берді.
Өткен оқу жылы аудандық білім беру мекемелері үшін табыссыз бол­ған жоқ. Бұған қатысты Мақсат Арапұлы: — Аудан педагогтары рес­пуб­ли­калық байқаулардан-4, облыстық байқаудан-13 жүлдені иеленді. 75 оқушы республикадан І, ІІ, ІІІ дәре­желі дипломдармен марапатталды. 28 оқушы мен педагог халықаралық байқаулардан үздік көрсеткішке қол жеткізді,-деді.
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан «Алтын белгі» иегерлерінің 13-і 100-ден жоғары балл жинап, өз білімдерін дәлелдеген. Одан бөлек 52 оқушы «Үздік аттестатқа» лайық деп танылған. Ал бұл көрсеткіш 2023-2024 оқу жылында 38 оқушы болған.
Кезекті баяндамадан соң сөз алған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ұстаздар қауымына артылған жауапкершіліктің зор екендігін алға тартып, жиылғандарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
— Баланың болашағы алған біліміне байланысты. Ал шәкірт бойына білімді дарытатын-ұс­тазы. Халықаралық олимпиадалар мен бай­қауларда оқушыларымыз топ жарып жатса, ол педагогтің еңбегі. Баланың болашағы, бәсе­кеге қабілеттілігі Сіздердің қол­да­­рыңызда, — деген Нұрбол Әбдімәжитұлы білім беру саласын да­мытуға қосқан үлесі мен жас ұрпаққа сіңірген тәлім-тәрбиесі үшін бірқатар педагогтарға оқу — ағарту министрінің, облыс әкімінің, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Сонымен қатар, жиында ау­дан­­дық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Манатбеков және ау­дандық бі­лім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов бір топ мұға­лімге аудандық мәслихаттың, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
Жиын аудан өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасы­на ұласты. Сондай-ақ, бұл күні мәдениет орталығының алдына дарынды шәкірттердің жасаған қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, балалар өнер мектебінің ұстаздары әннен шашу шашты.
Биылғы Тамыз кеңесінде педагогтармен қатар, білім беру мекемелерінде жұмыс жасайтын кіші қызметкерлердің де еңбекте­рі бағаланып, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.