Жамбылдағы жасыл энергетика: табиғи әлеуеттен тұрақты энергияға дейін

0 5

Энергетика саласының тұрақтылығы – кез келген өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, халық санының өсуі мен тұрмыстық қажеттіліктің артуы электр энергиясына деген сұранысты жылдан-жылға көбейтіп келеді. Осындай жағдайда дәстүрлі энергия көздерімен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңартылатын энергия көздерін дамыту өзектілігін арттыруда.

Бұл бағытта Жамбыл облысының әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде су электр стансаларының жиынтық қуаты – 24,4 мегаватт, жел электр стансалары – 275,65 мегаватт, ал күн электр стансаларының қуаты – 271,25 мегаватт. Бұл көрсеткіштер облыстың еліміздегі жаңартылатын энергетиканы дамыту ісінде өзіндік орны бар екенін көрсетеді.

Күн сәулесін кәдеге жаратқан өңір

Жамбыл облысында баламалы энергия көздерін игеру жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған. Соның алғашқы мысалдарының бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы.

Отар елді мекенінің маңында 2014 жылы іске қосылған нысан өңірдегі күн энергетикасының дамуына жол ашқан жобалардың бірі болды. Бастапқы қуаты 504 киловатт болған стансаның құрылысына 200 миллион теңге инвестиция жұмсалған. Кейін жоба кеңейтіліп, бүгінде оның белгіленген қуаты 7 мегаватқа жеткен.

Стансаның тағы бір ерекшелігі – оның жалпы энергетикалық жүйеге қосылуы. Өндірілген электр энергиясы ортақ желіге беріліп, елдің біртұтас энергетикалық жүйесінің қажеттілігіне бағытталады.

Осылайша бір кездері тәжірибелік сипаттағы жоба ретінде басталған бастама бүгінде өңірдегі жаңартылатын энергия өндірісінің нақты мысалына айналды.

Жуалыдағы алып күн алаңы

Жамбыл өңіріндегі күн энергетикасының ауқымды жобаларының бірі Жуалы ауданында жүзеге асырылды. Мұнда орналасқан «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансаларының жалпы қуаты 100 мегаватты құрайды.

Жүздеген гектар аумақты алып жатқан күн панельдері кешені көлемі жағынан да, технологиялық мүмкіндігі жағынан да назар аударады. Бір ғана станса аумағында жүздеген мың күн панелі орнатылған. Жобаға қомақты инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарына шамамен 48 миллиард теңге бағытталған.

Мұндағы электр энергиясын өндіру процесі автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Панельдерден алынған энергия инверторлық станциялар арқылы жинақталып, одан әрі орталық жүйеге жөнелтіледі. Ал арнайы мониторинг жүйесі әрбір панельдің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.

Күн энергетикасының тиімділігі ауа райына да байланысты. Бұлтты күндері өндірілетін қуат көлемі төмендегенімен, панельдердің жұмысына температураның жоғары немесе төмен болуы айтарлықтай кедергі келтірмейді. Сондықтан Жуалының табиғи-климаттық жағдайы мұндай жобаны жүзеге асыруға қолайлы аумақтардың бірі ретінде қарастырылған.

«Айша күн шуақ»: өндіріс қуатын ұлғайтуға бағытталған жоба

Жамбыл ауданында да күн энергиясын өндіруге бағытталған жоба табысты жұмыс істеп келеді. Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылының маңында орналасқан «Айша күн шуақ» стансасының қуаты – 50 мегаватт.

Жобаға 20,8 миллиард теңге инвестиция салынған. Жалпы аумағы 110 гектарды құрайтын стансада 100 мыңға жуық күн панелі орналастырылған. Өндірілген электр энергиясы мыңдаған тұрғын үй мен өндірістік нысандарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нысанда қолданылатын трекерлік технология күн панельдерінің күннің қозғалысына қарай бағытын өзгертіп отыруына мүмкіндік береді. Бұл күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Панельдердің екі жақты энергия қабылдау мүмкіндігі де өндіріс тиімділігін арттыратын технологиялық шешімдердің бірі.

Жоба мұнымен шектелмейді. Станса қуатын қосымша 20 мегаватқа арттыру жоспарланған. Осы мақсатта аудан аумағынан қосымша жер телімі қарастырылып, электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жобаның құны 7 миллиард теңге болатын бұл кезеңі де өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Шу ауданындағы энергетикалық әлеует

Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында Шу ауданында да бірқатар жоба іске асырылуда.

Солардың бірі – қуаты 100 мегаватт болатын «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы. Жоба француздық «Total Eren» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған. Станса үшін Шу ауданының таңдалуына өңірдегі күн сәулесінің жоғары белсенділігі және өндірістік нысандардың болашақтағы электр энергиясына деген сұранысы себеп болған.

Жобаға шамамен 60 миллиард теңге инвестиция тартылған. Станса толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықты төмендетуге ықпал етпек.

Маңыздысы, мұнда өндірілген электр энергиясы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беріледі. Сонымен қатар стансада тұрақты жұмыс істейтін мамандарды жергілікті тұрғындар арасынан даярлау көзделген.

Күнмен қатар судың қуаты да пайдаланылуда

Жамбыл облысындағы жаңартылатын энергетика тек күн энергиясымен шектелмейді. Шу ауданында су энергетикасын пайдалануға бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда.

Тасөткел су қоймасы маңында іске қосылған су электр стансасы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған нысанның қуаты сағатына 2,2 мегаватты құрайды. Өндірілген электр энергиясын Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынады.

Сонымен бірге инвестор тарапынан су электр стансасының екінші жобасы да жүзеге асырылған. Алдағы уақытта үшінші нысанның құрылысын бастау жоспары қарастырылған.

Бұл жобалар өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, энергетикалық жүйені әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Жел энергетикасына да мүмкіндік мол

Өңірдің жаңартылатын энергетика бағыттарының қатарында жел энергиясы да бар. Шу ауданындағы Шоқпар ауылдық округінде жел электр стансасын салу жоспары қарастырылған.

Жобаның құны 71,5 миллиард теңгеден асады. Станса іске қосылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның энергетикалық әлеуеті одан әрі арта түспек. Жоба үшін 155,8 гектар жер телімі бөлінген.

Жамбылдың географиялық орналасуы мен табиғи ерекшеліктері күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жобалардың саны мен қуатын арттыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығына әсер ететін факторлардың бірі болмақ.

Жасыл энергетика – экономиканың жаңа бағыты

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту тек электр энергиясын өндіру мәселесі емес. Оның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық маңызы қатар жүреді.

Жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы инвестиция тартуға, құрылыс саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәстүрлі отын түрлеріне тәуелділікті төмендетіп, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға жағдай жасайды.

«Жасыл экономика» ұғымының негізгі мәні де осында. Яғни табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалана отырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Мемлекет деңгейінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, экологиялық таза технологияларды енгізу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында міндеттер белгіленген.

Жамбыл облысында іске асырылып жатқан жобалар осы саясаттың өңірлік деңгейдегі нақты көрінісі деуге болады. Қордайдағы алғашқы күн стансасынан басталған жол бүгінде Жуалы, Жамбыл және Шу аудандарындағы ірі энергетикалық жобаларға ұласып отыр.

Бұл – өңірдің табиғи әлеуетін экономикалық ресурсқа айналдырып қана қоймай, болашақ энергетикасының негізін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Күн, жел және су энергиясын тиімді пайдалану арқылы Жамбыл облысы энергия өндірісін әртараптандыруға және тұрақты дамудың жаңа моделіне біртіндеп қадам басып келеді.