Көкжөтел: белгілері және алдын алу шаралары

0 5

Көкжөтел (лат. pertussіs) – жедел таралатын тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы, көбінесе, 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы қысқа таяқша тәрізді бактерия (Bordetella pertussіs). 1906 ж. Көкжөтелді бельгиялық ғалым Ж. Борде (1870 – 1961) ашқан. Қоздырғыш бактериялар науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өсіп-өнеді. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада төзімсіз, бірақ ол өте сиректе болса сырқат баланың тұтынған заттары (ойыншығы, ыдысы) арқылы жұғуы мүмкін. Көкжөтелмен бір рет ауырған бала қайталап ауырмайды, өйткені аурудан кейін организмде тұрақты иммунитет пайда болады. Аурудың білінбейтін (инкубациялық) кезеңі 2 – 15 (көбінесе, 5 – 7) күнге дейін созылады. Көкжөтел, әдетте, 6 – 7 аптаға созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5 – 39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), 2 – 3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады, қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, тілі аузына симай, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Жөтел ауруы ұстағанда бала құса бастайды. Жөтел ұстамаған аралықта баланың дені сау болып көрінеді. Бұл кезең 2 аптадан кейде 2 айға созылады. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2 – 3 апта «жай» жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады.

Аурудың алдын алу үшін балалар емханасында баланың 5 айлығынан 14 жасқа дейін мезгіл-мезгіл вакцина егеді. Аурумен жақын араласқан 7 жасқа дейінгі балаларды басқалардан оқшаулап (2 аптаға, ал егер сырқатпен бірге тұрған болса – 25 күнге дейін) карантин жариялайды. Ауру баланы қалалық көлікпен алып жүруге болмайды. Көкжөтелді жоғары қысымды таза ауамен (баротерапия) емдейді. Науқас балаға витамині мол құнарлы тамақ ішкізу қажет. Режим сақтап, тек дәрігер белгілеген әр түрлі антибиотиктерді уақытымен қабылдауы керек.

Көкжөтел, әсіресе, бір жасқа дейінгі емшектегі балалар үшін қауіпті, сондықтан көкжөтелге қарсы екпені мүмкіндігінше ерте жасаған дұрыс. Көкжөтел сәбилерде білінбей өтеді, сол себепті оның диагнозын дұрыс қою қиынға соғады. Егер сәби қатты жөтелсе және көздері ісіп кетсе, сонымен қатар айналаңызда көкжөтелмен ауырғандар болса, дереу көкжөтелге қарсы ем қолданыңыз.

Егер Сіздің балаңызда айтылған белгілер болса, дереу дәрігерге хабарласыңыз! Көкжөтелді ерте анықтау және емдеу ауыр асқынулардың алдын алу үшін өте маңызды.

         Аналарға арналған кеңестер:

1️. Дәрігердің ұсыныстарына сәйкес көкжөтелге қарсы тұрақты вакцинация жасаңыз.

2️. Баланы жөтел белгілері бар науқас адамдардан оқшаулаңыз.

3️. Қол гигиенасын сақтаңыз және баланы дәл осылай жасауға үйретіңіз.

4️. Дұрыс тамақтану және белсенді өмір салты арқылы баланың иммунитетін сау ұстаңыз.

Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Шиналиев Б.С.