Спорт алаңы – ауыл ажары: Балуан Шолақта жаңа мини-стадион ашылды Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа спорт нысаны ел игілігіне берілді. Ауыл ажарын айшықтаған заманауи мини-стадион енді балалар мен жастардың футбол, жеңіл атлетика және воркаутпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.
Жаңа спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, спорт ардагерлері, спортшылар мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, ауыл тұрғындарының ортақ қуанышына ұласты.
Ашық аспан астындағы жаңа кешен футбол алаңын, воркаутқа арналған арнайы алаңды және жүгіру жолағын қамтиды. Қысқа уақыт ішінде нысан ауылдағы көпшілік жиналатын тартымды орындардың біріне айналып үлгерді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мұндай спорт алаңдарының бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.