Қазақстанда ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асады: өңірлерде жаңа мектептер мен ауруханалар салынады
2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бастама елді мекендердің келбетін өзгертіп, әлеуметтік нысандардың санын арттыруға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі инфрақұрылымды жаңарту мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.
Бастама аясында облыс орталықтары мен аудандарда ғана емес, шағын елді мекендерде де құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жаңа жолдар салынып, ауруханалар, мектептер, спорт кешендері, кітапханалар мен мәдениет нысандары бой көтереді. Сонымен қатар қолданыстағы инфрақұрылым жаңғыртылып, көптеген елді мекенді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.
Жолдауда айтылған мәліметке сәйкес, алғашқы кезеңде өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.
Әлеуметтік маңызы бар жобалардың қатарында сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу да бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары мен спорт нысандарын дамытуға да көңіл бөлінеді.
Бұл бастамалардың тағы бір маңызды нәтижесі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Президенттің айтуынша, «Халықтық құрылыс» жүздеген мың адамды жұмыспен қамтуға ықпал етеді.
Осылайша, ауқымды құрылыс жобалары тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған.