Қазақстанда отандық өндірісті дамыту және өнеркәсіптік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 2026 жылы елімізде жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастама жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын құруға және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Үкімет мәліметінше, жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылған. Өндіріс көлемі он айдың қорытындысы бойынша 9,3%-ға өскен.
Жоспарланған жобалардың толық іске асуы 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар жобалық қуатына шыққан кезде жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімін өндіру көзделіп отыр. Оның 500 млрд теңгеге жуық бөлігі экспортқа бағытталады.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.