11 тамызда Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Іс-шара аясында елорданың жүздеген тұрғыны қазақстандық спорттың аңыздарымен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жүріп өтті.**
Шараға Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никиша қатысты.
Қатысушылар Ботаникалық бақ аумағындағы арнайы маршрутпен жүріп өтіп, жол бойында танымал спортшылармен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Шара соңында барлық қатысушылардың қатысуымен ортақ фотосессия ұйымдастырылды.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының осындай форматтағы бұқаралық іс-шарадан басталуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, спортты насихаттау мен халықты белсенді өмір салтына тарту – дені сау ұлт қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі.
«10 000 қадам» бастамасы тұрғындарды күнделікті қозғалыс белсенділігін арттыруға, салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен тұрақты түрде айналысуға ынталандырады.