Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту және жаңа технологияларды ел игілігіне пайдалану бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл саланың стратегиялық маңызын атап өтіп, цифрлық трансформацияны жеделдету қажеттігін айтты.
Жолдауда «Digital Qazaqstan» кешенді стратегиясын іске асыруға арналған негізгі инфрақұрылымның құрылысы басталғаны айтылды. Қазіргі уақытта елімізде екі суперкомпьютер іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы бір қуатты суперкомпьютерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс магистралін тарту жұмыстары аяқталған. Деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы да жүргізілуде. Бұл жобалар елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, цифрлық экономиканы қалыптастыруы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу, қайталанатын міндеттерді оңтайландыру және мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылту міндеттері қойылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту ел экономикасының технологиялық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясындағы жұмыстар Қазақстанның жаңа технологиялық даму кезеңіне өтуіне негіз болмақ.