Ауданда сүт өнімдерін өңдеу цехы іске қосылды

0 0

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Ауданда «ArTaza» брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру цехы іске қосылды. Жұмысын бастаған жаңа цех түйе, жылқы және ешкі сүттерінің ұнтақталған өнімдерін шығарады.
Жалпы ауыл шаруашылығы кооперативі биотехнологиялық әдістерді қолдана отырып, жоғары сапаға жеткізуге және өнімді қосымша микроэлементтермен байытуды мақсат етіп отыр.
«ArTaza» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшы­сы Еркебұлан Жұмабектің сөзінше, бұл-сүтті толық кептіру арқылы алынатын ақ түсті ұнтақ. Өнімді ұзақ уақытқа сақтауға болады әрі бойындағы пайдалы қасиеттерін жоймайтын көрінеді.
Өткен аптада сублимациялан­ған сүт өнімдерін өндіру це­хы­ның бірінші кезеңінің құ­рылысы толығымен аяқталып, пай­далануға берілді. Сүт өнім­де­рін өңдуге қажетті құрал-жаб­дықтар тапсырыспен жеткізіліп, ор­натылған. Қазір мұнда 10 адам жұмыспен қамтылған. Жобаның құны — 850 млн. теңге.
Ауыл шаруашылығы өндіріс­тік кооперативі кәсіпкердің өз қаражатына салынып отыр.
Алайда, цехтың өндірістік қуатын арттыру үшін қосымша қаражатты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие рәсімдеген.
Қазір кооперативке тиесілі 2,5 гектар аумақта цехтың екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. Тиісті жұмыстар аяқталған уақытта өнім қуаттылығы артып, қосымша жұмыс күші тартылатын болады.
Заманауи үлгіде, цифрлық жабдықтармен қамтылған жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Кадірбек Садубаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен тұрғындар қатысты. Сонымен қатар, жаңа цехтың жұмыс барысымен танысып, тәжірибе алмасу үшін ауылдық округі әкімдері мен кәсіпкерлер арнайы келді.
Аудан көлемінде баламасы жоқ тың жобаның іске қосылу рәсімінде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков: — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде еңбек өнімділігін арттыруға үлкен мән беру қажеттігін айтқан болатын. Біз осы тапсырмалар аясында жұмыс жасауға тиіспіз. Бүгін іске қосылып отырған ауыл шаруашылық өндірістік копперативі өнімдерді қайта өңдеуге, өндірісті дамытуға, отандық өнім көлемін арттыруда маңызды жоба болмақ,-деді.
Сонымен қатар салтанатты рәсімде сөз алған аудандық мәслихаттың төрағасы Кадірбек Садубаев және «Құлтай ата» шаруа қожалығының төрағасы Рысбек Жұмабеков жылы лебізін білдіріп, кооператив жұмысына табыс тіледі.
Жаңа цехтың лентасын қию рәсімінен соң, Нұрбол Әбдімәжитұлы нысанда орнатылған құрал-жабдықтарға назар аударып, саумал, шұбат және ешкі сүттерін жаңа технологиялар арқылы өңдеу жолымен танысты.